Қазіргі күнде бүкіл әлемде нашақорлықты мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер туғызатын өте қауіпті құбылыс ретінде қарастырады. Шаралар қабылданбаған жағдайда, нашақорлық кез келген ел үшін апаттың себебі болуы мүмкін. Бұл бәле жекелеген мемлекеттердің шекарасынан әлдеқашан шығып, бүкіл адамзаттың генофондына едәуір залал келтіре отырып, оның қауіпсіздігіне шынайы қауіпке айналды. Сондықтан да, қазіргі кезде барлық мемлекеттер белсенді түрде осы үрейлі құбылыспен күресудің әдістерін іздестіруде.
Қазіргі уақытта «ел халқының денсаулығына және бүтіндей ұлттық қауіпсіздігіне жаһандық қауіп» ретіндегі есірткі бизнесі мен нашақорлықтың өсу проблемасы қазақстандық қоғам алдында тұрған көп проблемалардың бірі ретінде алдыңғы қатарға шығып отыр.
Қылмыстық топтар өндірісті, сауданы, қаржыны, өткізудің жаңа нарықтарын табуды және жаулап алуды біріктіретін күрделі халықаралық желіні ұйымдастыруда.
Есірткіні заңсыз пайдалану көлемінің едәуір артуы нашақорлықпен байланысты қылмыстың бұрын-соңды болмаған өсуіне әкелді. Соңғы жылдары есірткінің даму динамикасы айқын көрінеді.
Бүгінгі таңда, есірткіні заңсыз тарату немесе медициналық емес қолдану саласымен қандай-да бір дәрежеде байланысты, қоғам үшін адам мінез-құлқының кез-келген көрінісі болып табылатын қауіптің сөзсіз және үлкен қарқынынмен өсіп келе жатқанын ескеру қажет. Өкінішке орай, біздің отандастарымыз бұл қауіпті әлі жеткілікті дәрежеде бағамдамайды, ал кейбіреулері есірткіні заңсыз таратудың қорқынышты процесіне қосылып, оны одан әрі "көбейтумен" айналысуға кірісіп кетті.
Қазақстан Республикасындағы есірткілердің заңсыз айналымы жаңа психобелсенді заттардың пайда болуымен сипатталады. Жаңа психобелсенді заттардың танымалдылығы осы қосылыстардың тыйым салынған заттардың психобелсенді қасиеттерін жаңғырту және одан да асып түсу қабілетімен, сондай-ақ олардың Интернет-дүкендер арқылы жеңіл таралуымен байланысты.
Терминологиялық анықтылық үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасында (БҰҰ ЕҚБ) «таза түрде немесе бақылануға жатпайтын препарат түрінде қиянат жасаудың заты болып табылатын заттар» ретінде анықталатын «жаңа психобелсенді заттар (ЖПЗ)» деген термин қолданылады, олар бақылауға жатпайды, алайда халықтың денсаулығына қауіп туғызуы мүмкін. Атаудағы «жаңа» деген сөз осы заттардың жаңашылдығын емес, олардың нарықта жақында ғана пайда болғандығын көрсетіп тұр, өйткені олардың кейбіреуі бұдан 40 жыл бұрын синтезделген.
Жаңа психобелсенді заттар (НПВ) – пайдалану кезінде есірткілік мас болу басталатын, яғни адамның мінез-құлқы, қоршаған ортаны қабылдауы, көңіл-күйі өзгеретін, нәтижесінде оларға тәуелді болатын қосылыстар.
Оларды әрекеттері бойынша топтарға бөлуге болады, олардың ішіндегі маңыздысы: қарасора өнімдеріне ұқсас әрекет ететін синтетикалық каннабиноидтар; амфетамин немесе кокаинге ұқсас әрекет ететін амфетаминдердің синтетикалық аналогтары; белгілі галлюциногендер сияқты әрекет ететін синтетикалық галлюциногендер. Жасырын зертханаларда жаңа заттар тұрақты түрде синтезделіп отырады. Қазіргі кезде нарық әр түрлі жаңа психобелсенді заттармен (ЖПЗ) толықтырылуда.
Нарықта ЖПЗ «рұқсат етілген есірткілер», «шөп есірткілері», «ваннаға арналған тұздар» және «химиялық реактивтер» деген атаулармен кездеседі.
Көптеген ЖПЗ Қазақстан Республикасында бақылауға жатпайтындықтан, заңнамада жеке айтылмаған, бірақ бақылауға жататын заттармен "химиялық ұқсастығы" бар заттарға бақылауды тарату мақсатында заңнамаға аналогтар туралы ескерту қосылды.
Мемлекет басшысы мен Үкімет мемлекеттік органдардың алдына есірткі ахуалын өзгертуге жедел ден қою, есірткі экспансиясына қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіру және мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметін үйлестіру жөнінде шұғыл шаралар қабылдау міндеттерін қойды.
Есірткімен байланысты заңсыз операцияларды тергеудің ерекшелігі дәлелдемелерді табуға, бекітуге, зерттеуге көмектесу үшін арнайы білімі бар мамандар мен сарапшыларды тартуды көздейді. Осы қылмыстардың мәні болып табылатын тап осы есірткі құралдары мен психотроптық заттар осы топтың барлық қылмыстарын біріктіретін ортақ өзекті құрайды.
ЖПЗ өндірумен және сатумен байланысты қылмыстарды ашуда сот сараптамасы едәуір үлес қосады. Нашақорлық және есірткі бизнесімен күресудің қазіргі кезеңі алынған жаңа заттардың табиғатын анықтау талап етілетін сарапшылық зертханалардың қызметіне талаптардың едәуір өсуімен сипатталады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының Алматы қаласы бойынша Сот сараптамалары институты заманауи аналитикалық құрал-жабдықтармен, жоғары білікті сарапшылық кадрлармен жарақталған, ал бұл кез келген деңгейдегі, соның ішінде ЖПЗ табиғатын анықтау бойынша сарапшылық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Шикізатты дайындау және пайдалану технологиясы бойынша ортақ шығу көзін анықтаудағы міндеттерді шешу құқық қорғау органдарына ЖПЗ өндірушілерді ойдағыдай анықтауға мүмкіндік береді.