Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Сот сараптамасы органдарының қызметін автоматтандыруға арналған "Е-Saraptama" ақпараттық жүйесін енгізуде.
Енді сот сарапшыларында сараптамалық қорытындыларды электрондық түрде жасауға және жіберуге, барлық қажетті іс жүргізу әрекеттерін электрондық форматта жүргізуге мүмкіндік пайда болады.
"Е-Saraptama" ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап Павлодар облысы бойынша сот сараптамалары институтында пилоттық режимде іске қосылды.
Жүйені енгізу сот сараптамасын тағайындау рәсімін оңайлатуға мүмкіндік берді, өйткені енді сараптама жүргізуге қаулылар жіберілген, оларды сарапшы қабылдаған, сондай-ақ қорытынды берілген кезден бастап қағаз құжат айналымының бүкіл циклі цифрландырылды.
"Е-сараптама" АЖ шеңберінде сараптама жүргізуге байланысты процестерді автоматтандырудан басқа (сараптама тағайындау туралы келіп түскен қаулылар мен ұйғарымдарды қабылдау, өңдеу, сараптама жүргізу кезінде қалыптастырылатын құжаттарды (қолдаухат және т.б.) жолдау) талдау жүргізу үшін базаға енгізілген сараптамалар бойынша статистикалық деректерді қалыптастыру көзделген.