Адами ресурс, кадрлық әлеует – кез келген мемлекеттің негізгі "байлығы". Еңбекке қабілетті адамдардың әлеуетін дамытуға көп көңіл бөлінеді: бұл істе сауатты көзқарасты іске асыру мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында.
Сот сарапшысы - өз саласында өте терең білімі бар, тәуелсіз, адал және объективті, әдепті, кәсіби құзыретті, мінсіз мінез-құлықты, түзу ниетті ерекше жеке қасиеттерге ие адам болуы керек.
Адамзат үшін осындай маңызды міндетті жүзеге асыра отырып, сот-сараптама қоғамдастығы заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға зор үлес қосуда.
Бүгін еліміздің басты мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында Орталық қызметкерлерінің бір тобы мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болды. Мәселен, Қостанай облысы бойынша Сот сараптамалары институтының сот-медициналық сарапшысы Раил Әбдірашитұлы Ахметов "Құрмет" орденімен марапатталса, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының медициналық-криминалистикалық бөлімшесінің дәрігер-сот-медициналық сарапшысы Мақажанов Амангелді Қайданұлы "Ерен еңбегі үшін" медалімен, Орталық басқармасының басшысы Дүзенов Ыбырай Байтүгелұлы "Әділет органдарының еңбек сіңірген қызметкері" медалімен, Орталық басқармасының басшысы Ермағамбетова Гүлназира Сапиевна "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл" мерейтойлық медалімен марапатталды.
Сондай-ақ, Жезқазған қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының директоры Қарлығаш Сиражқызы Ибраева ҚР Премьер-Министрдің Алғыс хатымен, Орталық директорының орынбасары Ілияс Жұмағалиұлы Исмаилов Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнін мерекелеуге байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.