2021 жылғы 13-15 желтоқсан аралығында Ташкент қаласында (Өзбекстан Республикасы) киберқылмыстарды тергеу бойынша өңірлік практикалық курс өткізілді. Аталған курсты Өзбекстан Республикасы Бас прокуратурасының Академиясы мен Ұлыбританияның Ташкенттегі Елшілігі ұйымдастырды.
Курсты Ұлыбританияның Platinum 3Р сарапшылар тобы жүргізді, оның құрамына кибернетика, тергеу және барлау жөніндегі директор Джон Блейк және басқарушы директор – психология бакалавры, ұйымдастыру психологиясының магистрі Кэрол Брукс кірді.
Іс-шараға Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан республикаларының ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының және сараптамалық қызметтерінің қызметкерлері қатысты.
Бұл курстың мақсаты қылмыс, терроризм және психология саласындағы тәжірибені қолдана отырып, халықаралық деңгейде киберқылмыс саласындағы командалық тергеулердің мүмкіндіктерін кеңейту болды.
Курс аяқталғаннан кейін Сот сараптамалары орталығының сарапшыларына оларды кибер тергеу саласындағы құзыретті зерттеуші-практик деп тану туралы сертификаттар берілді.