25 наурызда Алматы қаласында Қанат Мусин құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті. Кездесуде министр қаңтар айындағы оқиғаларды объективті тергеуге назар аударды. "Жылдың басында Алматы қаласында болған қайғылы оқиғалар адамдардың өмірін қиып, қала экономикасына орасан зор зиян келтірді. Құқық қорғау органдарында қылмыстық және әкімшілік істерді тергеу, болған оқиғалардың себептерін анықтау бөлігінде үлкен жауапкершілік бар. Келіп түскен істерді қарау бөлігінде Алматы қаласы соттарының белгілі бір жүктемесі бар", - деді Қанат Мусин. Сондай-ақ, министр Әділет министрлігі осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін әрқашан сот-медициналық сарапшылардың қажетті санын қамтамасыз ететінін атап өтті. Бүгінгі таңда 1 354 сот сараптамасы тағайындалды. Аталған жұмысқа 103 сарапшы тартылды, оның ішінде жергілікті – 70, 33 – і іссапарға жіберілді. Өз кезегінде, құқық қорғау органдарының өкілдері атқарушылық өндіріс, сот сараптама қызметі және т.б. қатысты өз сұрақтарына жауап алды.