Сұхбат

Ғазиза Тайшыбайқызы: Биологиялық сараптама – адам тағдырын шешеді

Ғылым қуып, ізденіп, қарапайым еңбегі арқылы қоғамға да пайдасын тигізіп, отбасын да қатар алып жүрген әйелдер қауымы аз емес. Қауіпті вирусы бар мәйіттердің биоматериалдарымен жұмыс істеп, сараптама жасайтын маман саланың қиындығы мен қызығы туралы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті. 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде елордадағы Сот сараптамасы орталығында 20 жылдан бері жұмыс істейтін сарапшы биолог, көпбалалы ана Ғазиза Мұқатовамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Ғазиза Тайшыбайқызы, қиын мамандыққа қалай келдіңіз?

– 1995 жылы Ақмола медициналық университетіне түсіп, 2001 жылы интернатураны тәмамдадым. 2002 жылы Көкшетауға интернетура бойынша жолдамамен жіберді. Облыстық ауруханада жарты жыл пульмонология, жарты жыл кардиология бөлімінде жұмыс істедім. Кейін 2004 жылы бала күтімімен демалыстан соң Астанаға келіп, жұмыс іздей бастадым. Газеттен Сот-медициналық сараптамасы орталығының  Астана қаласындағы филиалына маман іздеп жатқандығы туралы хабарландыруды көзім шалды. Биология бөлімшесіне биолог-сарапшы іздеп жатыр екен. Зертханаға кіргізіп көрсетті. Үш күн сынақтан өтетінімді айтты. Әкем ветеринариялық зертханада жұмыс істеген болатын. Кірген бетте шыны түтіктер, қолданатын заттардың бәрі маған таныс болып, көзіме оттай басылды. Бала кезіме қайта оралғандай болдым. Сол күннен бері осы орталықта жұмыс істеп келе жатырмын. Осы салада істегеніме 18 жылдан асыпты. Жұмысымды да, отбасымды да қатар алып жүруге болатынын ұқтым. Шүкір, төрт баланың анасымын.

– Қиын емес пе?

– Әрине, сарапшы болып жұмыс істеу оңай деп айта алмаймын. Өйткені әрбір сараптаманың өзінің қиындығы мен жауапкершілігі бар. Сарапшы болып жұмыс істеу үшін өте білікті болу керек. Әрқашан оқып, біліміңді жетілдіріп отыру қажет. Әдістемелерді үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Қанша дегенмен, біздің жасаған сараптаманы негізге ала отырып, адам тағдыры шешіледі ғой. Үнемі оқуға барып, жаңа әдістерді іздейміз. Бірақ өз мамандығым, жұмысым өзіме қатты ұнайды. Әрі қарай да жұмыс істей беремін деп ойлаймын.

– Биологиялық сараптаманың молекулярлық-генетикалық сараптамадан айырмашылығы қандай? 

– Мен молекулярлық-генетикалық сараптаманы әлі жасап жүрген жоқпын. Өйткені оқудан енді ғана өтемін. Қазір тек биологиялық сараптама жасаймын.

Биологиялық сараптама дегеніміз – қылмыстық іс бойынша оқиға болған жерден алып келінетін және іс бойынша өтетін адамдардың киімдері, оқиға орнынан алынған айғақтық заттармен қатар, салыстыру үлгісі ретінде міндетті түрде қан үлгілері (іс бойынша өтетін адамдардың – ред.) түседі. Мысалы, ол қылмыстық іс болуы немесе жас балаларға қолданылған жыныстық сипаттағы әрекеттер болуы мүмкін. Оқиға орнынан заттар әкелінеді. Киімдер, заттар, суық қару, барлық заттарға сараптама жасаймыз. Сол материалдардан қай жерде дақтар бар, қан іздерін, өзге де биологиялық материал іздерін сараптап, маркалап, кесіп алып, олардың тобын анықтауымыз. Әрине, биологиялық сараптама жасау оңай емес, себебі адамның өмірі, тағдыры шешіледі.

Одан бөлек, қылмыстық істерден кейін мәйіттерден қан жіберіледі. Қанның тобын анықтаймыз. Алынған заттардағы қан сол қайтыс болған адамдыкімен сәйкес келе ме, басқа адамдардан табылған ба, соны зерттейміз. Біздікі – іздеу әдісі. Ал молекулярлық-генетикалық сараптама – ол сәйкестендіру жасап, нақты кімнен табылғанын анықтап береді.

– Бір сараптаманы жасау қанша уақытты қажет етеді? 

– Ол айғақтың түріне байланысты. Кейде айғақты затты оқиға орнынан алған кезде оның бастапқы жағдайы дұрыс сақталды ма, жоқ па, ол да көп нәрсені шешеді. Криминалистер оқиға орнынан заттарды алған соң, талапқа сай орап, қаптау керек. Мәселен, қанның дағы жұғып қалған болса, оны кептіріп салуы тиіс. Міндетті түрде қағазға оралуы маңызды. Кейде полиэтилен пакеттерге салып қоятын жағдайлар кездеседі. Ол кезде айғақты зат өзіндегі дақтардың өзгеріске ұшырауына алып келеді. Иісі шығып кетуі, шіруі кетуі ғажап емес. Сондықтан бұрыннан істеп келе жатқан тергеушілер өз жұмыстарын біледі. Жастарға материалды сақтау әдісін үйретіңдер деп айтамыз. Өйткені әр зат – адамның тағдырын шешетін нәрсе. Кейде кішігірім сараптама түскенімен, айғақтық зат болғанымен, қылмыстық іске қатысы бар адамдардың қан үлгілері болмай қалуы мүмкін. Басында (айғақтық зат –ред.) қалай алынды, қалай кептірілді, тікелей түскен күн сәулесінде, батареяда кептіруге болмайды. Қағазға қойып, бөлме температурасында сақталуы керек. Ол – криминалистердің жұмысы. Криминалистер оқиға орнына алып, оны тергеушілерге береді. Тергеушілер сол қалпында қабылдап алады. Егер оларға қаптамаларды бұзуға рұқсат етілсе, олар ылғалды, сасыған заттарды кептіріп, өздерінің мөрлерін басып, пакетке салып, бізге алып келеді.

– Өз практикаңызда ең ұзақ жасаған, есте қалған сараптама бар ма? 

– Қылмыстық іс кодексі бойынша бір айдың көлемінде сараптама жасалуы керек. Одан артық үш-төрт күнге асырылып жасалғаны болды. Бірақ ол кезде міндетті түрде ескертіліп, қолхат жіберіледі.

– Салаңызда жұмыс істейтін әйел әріптестеріңіз көп пе?

– Біздің басқа бөлімшелерден ерекшелігіміз сол – тек қана әйел адамдар жұмыс жасайды.

– Биологиялық сараптама жасаудың қауіптілігін айтып өтіңізші. Қанша дегенмен, түрлі биологиялық материалдармен, қанмен тікелей жұмыс істеуге тура келеді… 

– Зертханада істегендіктен, жұқтырып алу қаупі өте жоғары. Коронавирус инфекциясы кезінде зертханада жұмыс істейтін қызметкерлердің 90 пайызы ковидпен ауырып, екі адамнан басқасы ауруханаға жатып емделіп шықты. Вирус материалдардан жұғу қаупі жоққа шығарылған жоқ. Өйткені мәйітті сойған кезде тонотологтар мәйіттердің сынамасы коронавирусқа оң көрсеткіш көрсеткенде, бізге нөмірлерін жіберіп отырды. Журналдан тексеріп қарағанда вирус жұқтырғандар көп болды.

Тағы бір айта кетерлігі, тек ковидпен емес, гепатитпен, туберкулезбен, тіпті СПИД-пен ауырған адамдардың материалдарымен жұмыс істеуге тура келетін жайттар кездеседі. Сұйықтықтармен, адам қандай бөлінділер бөлінеді: өт, сілекей, қан, соның барлығымен жұмыс істейміз. Бізге алдын ала мәйіттердің қандай аурумен ауырғаны айтылмайды, сараптама барысында бізге анық болады.

Одан бөлек, қауіптілік айғақты заттардан ғана емес, реакция кезінде біз тікелей жұмыс барысында қолданатын химиялық реактивтер – сарысулардан да бар. Әсіресе жаңа айтып өткен қанның бар не жоқ екендігін анықтау үшін хромотография әдісі жасалынады. Тек қана қан емес, басқа биоматериалдардың да өзінің реакциясы бар. Оларды анықтау үшін арнайы камера болады. Жұмыс барысында дистильденген су, бутанол, уыттылығы жоғары реактивтер қолданылады. Ол химикаттармен жұмыс істеген соң бас айналу, асқазанның ауырсынуы болуы мүмкін. Тыныс алу жолдары мен асқазанға, жүрекке әсер етеді.

– Бүгінгі мерекеңізбен құттықтаймын! Сұхбатыңызға рахмет!

– Барлық әйелдер қауымын, аналарымызды, қыздарымызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Әрқайсысының өзінің орны бөлек. Нәзікжандылардың отбасында да, қоғамда да, жұмыс орнында да өзіндік алар рөлі зор. Әйел адам бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді.

Back to top button