Жаңалықтар

Сот сарапшылары Түркістанда бас қосты

Ағымдағы жылдың 30-31 наурызы Түркістан қаласында, «Ұлы дала елі» орталығында, Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі Сот сараптамалары орталығының ұйымдастырылуымен еліміздің барлық аумақтық құрылымдарының сот сарапшыларының, Республикалық сот сарапшылары палатасының мүшелерінің, сондай-ақ, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының Полиция департаменттері қызметкерлері бас қосты, деп хабарлайды Сот сараптамалары орталығының баспасөз қызметі.

Жиынға «Жол-көлік оқиғасы жағдайларын және көлік құралдарын сот сараптамасын жүргізу барысында арнайы құрылғыларды қолданудың мүмкіндіктері» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік семинар себепші болды. Семинар модераторы Түркістан облысы бойынша Сот сараптамалары институтының директоры Тасыбаев Шоқан Батырбекұлы болды.

Семинарда сот сараптамасын және тергеп-тексеру жүргізу барысында жаңа ғылыми негізделген әдістемелерді әзірлеу және енгізу, ғылым мен техниканың қазіргі заманғы жетістіктерін интеграциялау жолымен сараптамалардың теориялық және әдістемелік ережелерін жетілдіру үшін іздестірулер жүргізу қажеттігі айтылды. Мысалы, жол-көлік оқиғасы орнында аэротүсірілім жасау тәсілдері, орын алған оқиғаны векторлық графикалық редактор арқылы оқиға орнын қайта құру, көлік құралдарының модульдарында (қара жәшік тектес құрылғыларда) сақталатын ақпаратты және көше инфраструктурасында орнатылған бейнекамераларға жазылған бейнелерді шығарып, оны сараптамалық зерттеулер жүргізу және тергеу барысында қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Аталған іс-шараға қатысушыларға сараптамалық зерттеулер жүргізу үшін қажетті заманауи шетелдік арнайы құрылғылар таныстырылды, олармен жұмыс істеу тәжірибесі алмасылды және зерттеулер жүргізуге арналған тиісті әдістемелік нұсқауларды әзірлеу жөнінде бірқатар ұсыныстар қаралды.

Қала көшелерінде электрсамокаттардың көбейуіне және олардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларының саны артуына байланысты, бұл жол-көлік оқиғалары бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу барысында көптеген проблемаларға тап болатыны туралы мәселесі қарастырылды. Бұл проблема қоғамда қызу талқыға түскен. Себебі электрсамокаттар, самокаттар, гироскутерлер қазір азаматтардың өміріне қауіп төндіретін болған. Осыған орай, сот сараптамаларын жүргізуге қажетті олардың жүру сипаттамаларын анықтау арқылы тиісті әдісемелік нұсқаулықтар әзірлеу қажеттігі баяндалды.

Семинарға қатысушылар, зерттеудің осы түрі бойынша өзекті және қиын мәселелер көрсетілген баяндамаларын ұсынды. Тәжірибемен алмасу және талқылау өткізілген семинардың маңызды бөлігі болып табылды. Қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Семинар қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі Сот сараптамалары орталығының аталған саладағы қызметін одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Back to top button