Адам өлімі, эксгумация және қылмысты ашу: сот-медициналық сарапшы немен айналысады
Сот-медициналық сарапшының басты міндеті – адамның неден қайтыс болғанын анықтау. Мамандарға ересек адамға қарағанда сәби мен жасөспірімнің мәйітін зерттеу қиынға соғады. Бұл туралы Астанадағы сот сараптама институты күрделі сараптамалар бөлімінің сот-медициналық дәрігер-сарапшысы Келден Мақашев Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты. Сондай-ақ адам өлімінің төрт кезеңі мен эксгумацияның не үшін қажет екенін түсіндірді.
– Қанша жылдан бері сот-медициналық сарапшы болып жұмыс істейсіз?
– 2002 жылдан бастап осы салада еңбек етіп келемін. Медициналық университетте оқып жүрген кезде қызығушылық пайда болды. Алғашқы мамандығым – балалар хирургиясы. Сол салада жұмыс істеп жүрген кезде қосымша оқып, сарапшы болатын мүмкіндік пайда болды.
Қазір Астана сот сараптама институтының күрделі сараптамалар бөлімінде жұмыс істеймін. Сараптама институтының жаңа ғимараты биыл ашылды. Бұған дейін сот-медициналық сарапшылар 1980 жылдары салынған ескі ғимаратта жұмыс істеді.
– Сот-медициналық сарапшы немен айналысады және сараптама не үшін қажет?
– Сот-медициналық сараптаманың мақсаты – сот-тергеу органдары қандай да бір істі тергеу барысында туындайтын медициналық, биологиялық мәселелерді шешу.
Сот-медициналық сараптаманың зерттейтін бірнеше объектісі бар. Бірінші – мәйіт. Екіншісі – «тірі тұлғалар». Яғни, сот-медициналық сарапшы жәбірленуші, айыпталушы, күдікті секілді адамдармен де жұмыс істейді, оны «тірі тұлғалар» деп атайды. Сондай-ақ сарапшы заттай айғақтарды зерттейді. Қайтыс болған адамға немесе науқасқа қатысты қылмыстық, әкімшілік не азаматтық іске қатысты әртүрлі құжаттармен жұмыс істейді.
Мәйітханада мәйітке сараптама жүргізіледі. Сот медицинасында оны танатология деп атайды. Жұмыстың мақсаты – адамның неден қайтыс болғанын анықтау. Адам қандай да бір ауру секілді ішкі фактордан емес, сыртқы фактордан, яғни қылмыс барысында, тұрмыста, өндірісте де қайтыс болады. Сарапшы мәйітте дене жарақаты бар-жоғын анықтайды. Дене жарақаты болса, қандай зақым келгенін, көлемі қандай екенін, қайтыс болған адамның денсаулығына қандай зиян келгенін анықтайды. Сондай-ақ адамның жарақат алған мерзімін атайды.
– Адамның неден қайтыс болғанын анықтауға қанша уақыт кетеді?
– Бір мәйітті зерттеуге сарапшыға норматив бойынша үш сағат беріледі. Сараптама жасауға түскен әр мәйіт бір-біріне ұқсамайды және адам әртүрлі жағдайда қайтыс болады. Соған байланысты бір мәйітті зерттеуге 2 сағат, енді бірде 4-5 сағат уақыт жұмсайды.
– Қылмыстық істер бойынша түскен мәйітке сараптама жасап, қорытынды шығаруға қанша уақыт керек?
– Қылмыстық істер бойынша жұмыс істеген кезде зақымды өте мұқият анықтау қажет. Өлімінің ол зақымнан болған-болмағаны анықталады. Сарапшы әр зақымды жеке-жеке суреттейді. Жарақаттың пішінін, тереңдігін, жалпы сипатын анықтайды. Соған қарай қорытынды жасайды. Бірнеше жерінен пышақталған адамның мәйітінде әрбір зақымды жеке-жеке жазып, фотоға түсіреді. Мұндай кезде жұмыс уақыты 4-5 сағатты қамтуы мүмкін. Себебі қылмысты ашу барысында көптеген сұрақ туындайды. Кей жағдайда бір адамды бірнеше құралмен өлтіруі, әртүрлі пышақпен пышақтауы мүмкін. Тергеу барысында қылмысты жасаған адамның әрекетін дәлелдеу үшін қандай затпен жарақаттағанын анықтайды.
– Өзіңіз жасаған алғашқы сот-медициналық сараптама есіңізде ме?
– Жұмысты енді бастаған кезімде теміржол көлігінің астына түскен адамның мәйіті берілді. Оқиға Астана қаласының маңында болған. Адам жүріп келе жатқан пойыз дөңгелегінің астына түсіп, қайтыс болған. Адамның денесі бөлшектеліп, мыжылып кеткен. Мәйітті зерттейтін столдың жанына жақындасам, адамның қол-аяғы бөлшектелген. Басында абыржып қалдым. Не істеймін және неден бастаймын деген сұрақ болды. Бірақ абыржып тұра беруге уақыт жоқ. Сараптаманы соңына дейін жүргіздім.
Бұл күрделі сараптама деп саналады. Себебі сарапшыға көп сұрақ қойылады. Адам көлік дөңгелегінің астына өзі түсті ме әлде қылмыс жасалды ма – бәрі тергеу барысында анықталуға тиіс. Тергеушілер сол арқылы кінәліні анықтайды.
– Осы салада жұмыс істеп жүргеніңізге 20 жылдан астам уақыт болғанын айттыңыз. Осы аралықта өзіңіз атсалысқан күрделі сараптама туралы айтып берсеңіз.
– Сот-медициналық сараптамада оңай сараптама болмайды. Сарапшы кейде бір күнде үш мәйітке сараптама жүргізеді. Әрқайсысы әртүрлі болады. Бірі жеңіл болса, енді бірі күрделі болуы мүмкін.
Қандай да бір қылмыстық әрекет салдарынан қайтыс болған адамға алғашқы сараптама жүргізілмесе, сараптама жасау қиындау болады. Мысал ретінде кісі қолынан қайтыс болған адамның мәйітін алайық. Қылмысты жасыру мақсатында мәйітті көміп тастайды. Мәйіт бір жыл, 5 не 10 жыл өткен соң табылады. Сол жерден мәйітті қазып алып, сараптамаға жібереді. Мәйіт бұзылады, арасында шіру фактісі болады. Бұл мәйітті зерттеу сарапшыға қиындау болады. Соған қарамастан қылмыс құралының ізін анықтау, сондай-ақ ол зақым тірі кезінде келтірілген бе, жоқ па деген сұрақтарға жауап беру қажет. Кей жағдайда алдымен басқа жолмен өлтіріп, содан кейін адамның денесіне зақым келтіруі мүмкін. Тәжірибемде мұндай жағдай көп болды.
– Сәбидің немесе баланың неден қайтыс болғанын анықтау қиын ба?
– Сәбидің анатомо-физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты оны ересек адамның мәйітімен салыстырғанда зерттеу қиындау болады. Бала көп жағдайда белгісіз себептен қайтыс болады. Қайғылы жағдай сәби үйде ұйықтап жатқанда, ойнап жүргенде немесе тамақ ішіп жатқан қас-қағым сәтте болады. Анасы ойнап жүргенін, бір кезде дауысы шықпай қалғанын айтады. Барып қараса, жерде денесі көгеріп жатады. Кей жағдайда күйіп қалады, құлап қалады. Сараптама барысында оқиға болған жердегі мән-жайға сүйенеміз.
Мәйіт түскен кезде сот-тергеу органдарының өкілдерінен не болғанын мұқият сұрап аламыз. Құрылыста биіктен құлап қайтыс болса немесе көлік қаққан кезде қайтыс болса, өлімнің себебі белгілі. Ал адам үй ішінде қайтыс болса және оның жанында ешкім болмаса, сол қиындық тудырады. Баланың ата-анасы, туыстары оқиғаның қалай болғанын білмейді. Яғни, болжам жасауға болатын, сараптамаға көмектесетін қандай да бір мәлімет болмайды. Мұндай жағдайда сарапшы оқиғаға қатысты ештеңе білмей, баланың мәйітін зерттейді.
Сарапшы барлық кезде өлімнің себебін анықтауға тиіс. Ұзақ уақыт бойы табылмаған, ішкі ағзасы іріп-шіріп кеткен мәйіттің өлім себебін анықтай алмайды.
– Адамдар көп жағдайда қылмыстың қай түрінен жиі қайтыс болады?
– Бірінші орында тұйық зат арқылы жасалған қылмыс тұр. Тұйық зат – қол, жұдырық, аяқ, таяқ, тас, асфальт, дала, бордюр. Яғни, қылмыс төбелес барысында адамды ұрып-соғу арқылы жасалады.
Екінші орында өткір затпен жасалатын қылмыс тұр. Оған пышақ және оның басқа түрлері жатады.
– Сот сараптама институтындағы мәйітханаға күніне қанша адам түседі?
– Астана қаласында орналасқан бұл мәйітханаға орташа есеппен күніне 5-6, кейде 7 мәйіт жеткізіледі. Кей күні мүлде болмайды. Кейде 7 мәйіттен де асып кетеді.
– Сарапшы бір жылда қанша жағдайға байланысты қорытынды жасайды?
– Бір сарапшы жылына 300-ге жуық мәйіт ашады. 500-дей тірі адамға сараптама жүргізеді. 250-300 медициналық құжат бойынша сараптама жүргізеді.
– Қазақстандықтардың басым бөлігі мұсылмандар екені белгілі. Эксгумацияға көзқарасыныңыз қандай?
– Эксгумация өте қажет. Қазір көп жағдайда эксгумацияны марқұмның туыстары талап етеді.
Адам үйінде жалғыз болған кезде қандай да бір себептен қайтыс болады. Мәйіті үйінен табылады. Адамдар ол мәйітті ашуға қажеттілік неде деп ойлайды. Сот-тергеу органдарына сараптама жасаудың қажеті жоқ екенін айтады. Содан кейін мәйітті зерттеуге жібермей, жерлейді.
Біраз уақыт өткен соң туыстары көрші-қолаңнан кісі қайтыс болған үйге басқа адамдардың келгені туралы естиді. Содан кейін туыстары кісі қолынан қайтыс болуы да мүмкін екенін айтып, мәйітті жерленген жерінен қазып алып, зерттеуге береді.
Қандай да бір істі тергеу барысында эксгумация жасау және қойылған сұрақтарға жауап беруді өте дұрыс деп санаймын.
– Адам бірден қайтыс бола ма?
– Медицинада өлімнің даму ағымында бірнеше кезең бар: агонияның алдындағы кезең, агония (жанталас), клиникалық өлім және биологиялық өлім. Қандай да бір себептен әлсіреп қайтыс болайын деп жатқанда адам осы кезеңдерден өтеді. Медицинада әр кезеңнің өз уақыты бар. Мысалы бір кезең бірнеше секундтан бір минутқа дейін созылуы мүмкін. Жол апатына түскенде, биіктен құлау секілді жағдайда бір кезең екіншісіне секунд арасында өтіп, адам биологиялық өлімге ұшырауы мүмкін. Қас-қағым сәт.
Созылмалы ауруға шалдыққан адамның өлім кезеңдері де бірнеше минутқа созылады.
– Бұл мамандық өміріңізге әсер етті ме?
– Сарапшыға өте үлкен жауапкершілік артылады. Себебі сарапшы берген қорытынды негізінде бір адамды кінәлі деп таниды. Қате қорытынды беретін болса, кінәсі бар адамды жауапкершіліктен босатып жіберуі мүмкін. Сондықтан қорытынды берген кезде әрбір сөзге, әрбір үтір мен нүктеге жауаптымыз. Бұл салада көп жыл жұмыс істеу өміріңде де қандай да бір із қалдырады. Үйдегі шаруада да, басқаларға көмектесу кезінде бастаған істі аяғына дейін жеткізуге әсер етеді.