Алматыда «Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік объектілерінің сот сараптамаларын дамыту туралы» дөңгелек үстел өтті
2024 жылғы 5 желтоқсанда Алматы қаласында «Тұран» университетінің Жоғары құқық мектебі «Тұран» университетінің Құқық ғылыми-зерттеу институтымен және Республикалық сот сарапшылары палатасымен бірлесіп «Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік объектілерінің сот сараптамасын дамыту туралы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, лицензия негізінде қызметті жүзеге асыратын сот сарапшылары, Сот сараптамалары орталығының сот сарапшылары, патенттік сенім білдірілген өкілдер, заңгерлер қатысты. Сот сараптамалары орталығы атынан директордың орынбасары Айгүл Сейдахметова қатысты.
Дөңгелек үстел барысында түйінді мәселелер талқыланды, соның ішінде:
– зияткерлік меншік объектілері сот сараптамасының қолданыстағы әдістемесін қайта жасау қажеттілігі;
– Ұлттық зияткерлік меншік институты базасында сот сарапшыларының біліктілігін арттыру;
– зияткерлік меншікті күзету және қорғау саласындағы заманауи заңнамаға шолу жасау;
– зияткерлік меншік объектілерін қорғау жөніндегі сот практикасындағы сот сараптамасының рөлі;
– зияткерлік меншікке мамандандырылған сот сараптамасын құру және дамыту перспективалары.
Отырыс қорытындысы бойынша зияткерлік меншіктің сот сараптамасын және мүдделі тараптармен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен қарар қабылданды.