Жаңалықтар

Қазақстанда мәйітті зерттеу үшін виртуалды аутопсия енгізіледі

Қазақстанда пышақ салмай, мәйітті компьютерлік сканерлеу арқылы тексеру әдісі енгізілмек. Яғни, қайтыс болған адамның денесіне тілік жасамай, компьютерлік сканерлеу арқылы тексереді. Бұл туралы азаматтарды қабылдау кезінде Әділет вице-министрі Даниель Ваисов мәлім етті.

Аталған жаңашылдық туралы сот сараптама орталығы директорының сот-медициналық мәселелер бойынша орынбасары Назгүл Имамбаева толығырақ тарқатып айтты.

«Виртуалды аутопсия – арнайы аппараттың көмегімен, 3D бағдарлама арқылы марқұмның денесін сканерлеу. Яғни, мұндай әдісті қолданған кезде мәйітті тіліп, оның ішкі ағзаларын алып зерттеуді қажет етпейді. Ол зорлық, қасақана өлтірілген белгілері бар марқұмдарға қолданылмайды. Ол өз өлімінен немесе қандай да бір дерттен көз жұмғандар үшін қажет. Виртуалды аутопсияны пайдаланатын шет мемлекеттер де сирек. Мұндай әдіс Ұлыбританияда қолданылады», – деді Назгүл Имамбаева.

Оның айтуынша, қазір Әділет министрлігі осындай әдіс арқылы мәйітті зерттеу мүмкіндіктерін қарастырып, мәселені пысықтап жатыр.

«Бұл біз үшін өте жақсы болар еді. Сот-медициналық сараптама жұмысында қиындықтар туындап тұрады. Атап айтқанда діни көзқарасына байланысты көбі мәйітті кесіп, оның ішкі ағзаларын зерттеуге қарсылық білдіреді. Мұндай жағдайда олар арыз жазып, оның өліміне не себеп болуы мүмкін екенін дәлелдеп, марқұмның денесін алып кетуге құқылы. Ал қайтыс болған адамда зорлық-зомбылық белгілері болса, онда оған туыстарының рұқсатынсыз сот-медициналық сараптамасы жасалады. Виртуалды аутопсияны енгізу – бұл мәселені шешуге көмектеседі», – дейді Назгүл Имамбаева.

Бүгінгі таңда виртуалды аутопсия жасайтын аппарат қымбат тұрады. Оны сатып алу үшін қазір қаражат көздері іздестіріліп жатыр.

«Егер барлығы біз ойлағандай болып жатса және осы әдісті енгізу үшін қажетті құралдарды тапсақ, онда онымен келер жылдан бастап жұмыс істеуге тырысамыз деген үміт бар», – деді ол. Айта кететіні, виртуалды аутопсия аппараттарын орналастыру үшін арнайы кешен қажет. Сонымен бірге онымен жұмыс істей алатын мамандарды әзірлеу керек.

Back to top button