Сот сарапшылары Жапония делегациясымен кездесу өткізді
2022 жылғы 25 тамызда Жапония Елшілігінде Жапонияның Денсаулық сақтау, Еңбек және әл-ауқат министрлігінің делегациясымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу жұмысына сот-медициналық мәселелер бойынша сот сараптамалары орталығы директорының орынбасары Н. Е. Имамбаева қатысты.
Кездесу барысында Жапония тарапы Қазақстан Республикасының аумағында 1945-1950 жылдар кезеңінде әскери тұтқындар лагерлерінде қайтыс болған жапон азаматтарының сүйектерін іздеу, сәйкестендіру және отанына қайтару мақсатында Жапония үкіметі ұйымдастырған экспедицияларды өткізуге жәрдем көрсеткені үшін сот сараптамалары орталығына алғыс білдірді.
Осы зерттеулер барысында алынған нәтижелер жапон тарапына жіберілді.
Ағымдағы жылы осыған ұқсас экспедиция жоспарланған, оған Алматы қаласы бойынша сот сараптамалары институтының медициналық-криминалистикалық бөлімінің басшысы А. Р. Құрбанғалиев қатысады.
Өз кезегінде тараптар өзара сыйластыққа сенім білдіріп, ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.