Филологиялық сараптама: қандай жағдайда балағат сөз үшін айыппұл арқалайсыз
Қазақстанда наурыздан бастап қоғамдық орында балағат сөз айтқандарға 69 мың теңге айыппұл салынады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясында осылай жазылған. Осы ақпарат тарағаннан кейін «қорлау» мен «ұсақ бұзақылықтың» аражігін ажыратуға қатысты сұрақ туындады.
Филологиялық сараптама жүргізетін маманымыз Halyq Uni тілшісімен сұқбаттасып, қай сөз адамды қорлауға жататынын, оны қалай анықтайтынын айтып берді.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сот сараптамалары институтының жетекші сарапшысы Зәмзәгүл Жуминаның айтуынша, адамның ар-намысын және қадір-қасиетін қорлауға жататын сөздердің тізімі бар.
«Мамандар көп жағдайда қылмыстық істер бойынша филологиялық сараптамаға қорытынды шығарады. Филологиялық сараптама семантикалық мәндегі даулы мәселе туындаған жағдайда жүргізіледі. Ол кез келген сөздің нақты мағынасы мен қорлау мәндегі сөздерді анықтау үшін жасалады. Адамның ар-намысын, қадір-қасиетін қорлау, іскерлік беделін түсіру секілді объектіні зерттейміз», – дейді Зәмзәгүл Жумина.
Олардың қатарында есірткі саудасына қатысты аудиожазба жиі кездеседі.
«Қылмыстық істердің ішінде есірткі заттарын сату, тарату әрекетіне байланысты аудиожазба, телефон арқылы сөйлесу кезінде қолданатын сөздер негізгі объект болып саналады. Аудиожазбаны тыңдап, сол бойынша сұрақтарға жауап береміз. Аудиожазбада пара алу компоненттері бар ма деген сұраққа жауап беріп, жанама жасырын мағынаның бар-жоғы анықталады», – дейді маман.
Зәмзәгүл Жуминаның сөзінше, есірткіге қатысты әңгімеде нақты атын атамай, басқа сөзбен алмастырады. Тіпті есірткіні «қой» деп те айтады.
Есірткі затын «қой» деп айтады. Әңгіме барысында «сенде неше қой бар?» деп сұрайды. Контекске қарағанда әңгіменің қой туралы емес екені анықталады. Себебі сөйлескен кезде оның қанша грамм екенін, бағасы қанша болатынын сұрайды, – дейді сарапшы.
Әділет министрлігі бекіткен арнайы әдістемеде қай сөзде қорлау сипаты бар екені көрсетілген. Мамандар сол әдістемеге сүйеніп, қорытынды шығарады.
«Қорлау – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне әдепсіз түрде нұқсан келтіру. Сараптама барысында ауызша және жазбаша түрдегі сөздермен жұмыс істейміз. Оған тұрпайы, дөрекі сөздер, инвективті лексика мен кей әдеби сөз жатады. Әдеби сөздерге мысал ретінде «жезөкше» сөзі мен «жеңіл жүрісті әйел», «тән саудасымен айналысатын әйел» деген тіркестерді алайық. Бұл сөз әлеумет, қоғам көзқарасы бойынша жағымсыз сөз деп танылған. Ол адамға бағытталып айтылса, қорлауға жатады. Бұл қатарда зоосемантикалық метафоралар (тұлғаны жануарға теңеу) бар, яғни адамды «шошқа», «есек», «ит» дейді. Бұл сөздердің қолданысы контекст ішінде қарастырылады. Егер жанжал барысында қолданылса, қорлау болып саналады», – дейді маман.
Қорлау мәндегі сөздердің қатарында адамның жеке басына теріс баға беретін «сайқал», «козел» секілді сөздер жиі қолданылады. Көп қолданылатын сөздердің қатарында «жауыз», «жексұрын», «оңбаған» сөзі де бар.
«Аудиожазба барысында боқтау жиі кездеседі. Әсіресе коронавирус инфекциясы өршіп тұрған кезде мұндай жағдай көбейді. Алкоголдік ішімдік ішкен адамдар полиция қызметкерлеріне қатысты балағат сөз айтқан, боқтау мәндегі лексика қолданған. Сол кезеңде сараптама жасайтын материал да көп болды», – дейді сарапшы Зәмзәгүл Жумина.
Алайда былапыт сөздің бәрі қорлау болып саналмайды. Ал қорлау мәндегі сөздер Қылмыстық кодекстің 131-бабы аясында қарастырылады. Заңға сәйкес, адамның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсітуге қатысты 100 АЕК-ке (1 АЕК – 3450 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Ал көпшілік алдында немесе БАҚ арқылы сондай әрекет үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабында «ұсақ бұзақылық» әрекеті қарастырылған. Бұл жерде қоғамдық орында былапыт сөйлеу, қоғамдық тәртіпті және адамның тыныштығын бұзу фактілері қарастырылады.
ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БЫЛАПЫТ СӨЗ ҮШІН АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ
Polisia.kz сайтының хабарлауынша, 2023 жылдан бастап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза күшейтіледі.
Бұл ең алдымен қоғамдық тәртіпті бұзуды болдырмау мақсатында жасалады.
Қазір біреу қоғамдық орында айналасындағыларды сыйламай, қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөз айтқан жағдайда, бұл үшін 17 250 теңге көлемінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады.
6 наурыздан бастап мұндай әрекет үшін 20 АЕК (69 мың тенге түріндегі жаза) айыппұл салынады немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынады.
Айыппұл салу туралы құқықтық бағаны сот береді. Азаматтардан түскен әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлел жинайды. Оның ішінде азаматтың арызы, куәгерлердің айғағы, құқықбұзушылықтың аудио-видеосы, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы ескеріледі.
Ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тартуға қоғамдық орындарда балағат сөз айту, айналасындағыларды сыйламау, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу міндетті шарт болып саналады.
Ал әлеуметтік желілерде айтылған балағат сөз қоғамдық орындарда немесе айналасындағы азаматтардың тыныштығын бұзса, ол үшін жауапкершілік ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады.