Түркі сот сараптамасы желісінің Құрылтай отырысы 2026 жылғы 3 сәуірде Әзербайжанның Баку қаласында өтті

Түркі сот сараптамасы желісінің Құрылтай отырысы 2026 жылғы 3 сәуірде Әзербайжанның Баку қаласында өтті. Отырыс барысында Түркі сот сараптамасы желісі жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер — Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның сот-сараптамалық мекемелерінің басшылары қол қойды.
Түркі сот сараптамасы желісінің құрылуы ТМҰ-на мүше мемлекеттер арасында сот сараптамасы саласындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңін білдіреді. Аталған желі аясында сот-сараптамалық мекемелер өзара іс-қимылдың тиімділігі мен тұрақтылығын арттырып, тәжірибе алмасу, озық тәжірибелерді енгізу, ғылыми зерттеулер, оқыту бағдарламалары және өзара техникалық көмек көрсету бағыттарын дамытатын болады.
Отырыс барысында қатысушылар өздерінің сот-сараптамалық мекемелерінің ұйымдық құрылымы, ағымдағы қызметі, мүмкіндіктері мен іске асырылып жатқан жобалары туралы кеңейтілген баяндамалар жасады.
