Жаңалықтар

Астанада Қазақстанның сот сараптамасы жүйесінің 75 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

2026 жылғы 11–12 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан Республикасының Әділет министрі Е.Ж. Сарсембаевтың қатысуымен «Сот төрелігі жүйесіндегі сот сараптамасы: сын-қатерлер мен перспективалар» атты, Қазақстан Республикасының сот сараптамасы жүйесінің 75 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Іс-шараға Әзербайжан, Армения, Грузия, Қытай, Ресей Федерациясы, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Швейцария елдерінің сот-сараптама мекемелерінің, сот және құқық қорғау органдарының, ғылыми қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ Азиалық сот сарапшылары желісі (Малайзия) мен Балқан сот сарапшылары қауымдастығының (Болгария) өкілдері қатысты.

Конференция аясында сот сараптамасының өзекті бағыттарына арналған тақырыптық және панельдік сессиялар өтті. Қатысушылар криминалистиканың және тұлғаны сәйкестендірудің заманауи тәсілдерін, сапа стандарттарын, сот процесіндегі сараптаманың рөлін, сондай-ақ сот-медициналық сараптама мен токсикологияның даму мәселелерін талқылады.

Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану, криптовалюталар мен цифрлық активтерді зерттеу, бейнематериалдарды талдау, графикалық планшеттер арқылы қолжазба объектілерін зерттеу, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, прекурсорларын және жаңа психобелсенді заттарды анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар сот-сараптамалық филологиялық зерттеулер, сараптамалық қызметті ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету және қаржы секторын цифрландыру жағдайында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.

Конференция қорытындысы бойынша Әзербайжан Республикасының, Грузияның, Қытай Халық Республикасының және Түркия Республикасының сот-сараптамалық мекемелерімен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Меморандумдар сот сараптамасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми және практикалық біліммен, озық сараптамалық тәжірибе мен әдістемелермен алмасуға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және сараптамалық қызмет салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.

Юбилейлік іс-шара аясында Қазақстанның сот сараптамасы жүйесінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан сот-сараптама қызметінің ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ сарапшылар қауымдастығының өкілдері мен шетелдік қонақтар жүйенің 75 жылдығына орай ағаш отырғызу акциясына қатысты.

Конференцияның қорытынды кезеңі шетелдік қатысушылардың Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтына сапары болды. Қонақтар институттың жұмысын ұйымдастыру барысымен танысып, зертханалар мен жұмыс кабинеттерін аралап, сот сараптамаларын жүргізу кезінде пайдаланылатын жабдықтарымен танысты.

Конференция халықаралық кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және сот сараптамасы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.

Back to top button