ЖаңалықтарСұхбат

Баллистика және трасология сараптамасы қалай жүргізіледі – Сарапшымен сұхбат

Ара-тұра фильмдерден көретін қызығы мен қиындығы бірдей криминалистика саласына көп ешкімнің тісі бата бермейді. Қарудан атылған оқ пен іздерді зерттейтін баллистика және трасология саласының сарапшысы мамандығының қыр-сырымен BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында әңгімелеп берді.

Елордадағы Сот сараптамалары институтының Криминалистика, жарылыс-техника және өрт-техникалық сараптамасы секторының басшысы Қайрат Тілегеновпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қайрат Серікұлы, көпшілік түсіне бермейтін бұл салаға қалай келдіңіз?

– Осы салада 2006 жылдан бастап жұмыс істеймін. Институтқа сарапшы-тәлімгер болып келгенмін. Баллистика мен трасология саласынан бірдей рұқсатнама алдым. Өйткені бұл екі сала бір-бірімен тығыз байланысты. Түсіндіре кетсем, баллистикада оқ пен қаруды қараймыз. Әр оқта нөмірлік белгілері бар, бұл белгілерді өшіріп тастаса, ол трасологияға жатады. Тергеуші қаруды (сараптама – ред.) әкелсе, бір қаулыда баллистика да, трасология да қамтылады. Сол уақыттан бері осындай жұмыс істеудемін.

– Сіз жүрген саланың тізгінін ұстау үшін қай мамандықты оқу керек?

– Біздің бөлімде заң білімінің болуы мен әскери билетті талап етеді. Өйткені, қарумен жұмыс істеу үшін адамның оған бейімі болу керек. Қауіпсіздікті, қаруды ұстай білуді білген жөн. Адам оны білмесе, өміріне қауіпті. Менің мамандығым – заңгер.

– Бұл салаға қызығушылығыңыз қалай пайда болды?

– Шынымды айтсам, институтқа тағылымдамадан өтуге келгенде уақытша жүре тұрамын да, кетемін деп ойлағанмын (күліп…). Оқудан соң еңбек өтілім болмады, осы жерде алғашқы жұмыс орным болғандықтан қызықтырды. Жалақысының аздығына да қарамай, қалып қойдық. Әр сараптаманың өзінің қызықты сәттері бар. Мәселен, мына өзіңіз көріп тұрған қару мен оқ-дәрілерді алсақ, оқиға болған жерден патрон, оқсауытарды алады. Мысалы, қазір тыйым салынған заңсыз аңшылық деп алайықшы, киіктерді ату делік. Сосын (оқиға болған жерден – ред.) күдіктілердің мылтықтары табылуы мүмкін. Бірнеше мылтық болса, бәрі өзін ақтап шығуға тырысып, «мен атпадым» деп шығады. Қару мен оқсауытты бізге әкелген соң оқтың қай мылтықтан атылғанын анықтауымыз керек. Кейбір мылтық болады, тазалап, майлап қойғаннан кейін мүлдем атылмаған секілді көрінеді. Бір сараптамаға ең аз дегенде 3-4 мылтық келеді. Кей уақытта одан да көп болады. Шынымен мылтық оқ атылған ба, атылмаған ба, соларды зерттеп қараймыз. Зерттеуге кіріскенде, өте қызық.

Профессионалдар. Баллистика маманы
Фотосурет: Сот сараптамасы институты

– Ең ұзаққа созылған сараптама есіңізде ме?

– Бір аңшылыққа қатысты оқиға бір жыл зерттелген кез болды. Жаңа айтып өткен, гильза, яғни оқсауыттар өте көп еді. Екі-үш жәшік объект болды. Соның әрқайсысын тексеруіміз керек. Бір қарудан әр оқтан екі-үш рет атып, үлгі аламыз. Екі жәшік, үш жәшік оқсауытты тексеру керек. Әрқайсысының өз іздері бар. Оның ішінен қайсысынан оқтың нақты атылғанын зерттеу қиынға соқты. Нақты үш мылтықтан оқ атылғаны айқындалды. Тергеу, жауап алу кезеңдерінде ол дәлелденді.

Көпшілік кейде бізге баллистика деген не ол, барасыңдар, атасыңдар, жұмыстарың оңай деп жатады. Шын мәнінде, фактілермен жұмыс істеу қиын. Мысалы, Қаңтар оқиғасын алайық. көптеген объекті ІІМ-де зерттеуде жатыр. Автоматтың бір «магазині» – 30 патрон. Әр сауыттан 30 патроннан шыққанда, қанша оқ болатынын есептей беріңіз. Солардың бәрін микроскоппен қарауға қанша уақыт кетеді. Көздің майын да тауысады. Бірақ қызығы да қатар жүреді.

Жалпы, кез келген сарапшы 5 жыл жұмыс істеп, сол салада қалса, одан кейін ол жерден кетуі қиындау. Демалысқа кетсем, өз басым жұмысымды сағынамын. Әр сараптамамнан қуат аламын.

– Көздің майын тауысатын жұмыс дейсіз ғой…

– Иә, кез келген аңшы аңшылықтан келген соң мылтықты майлап, тазалап қояды. Өйтпесе, қаруды тот басып қалады. Қарудың ұңғысын майлап, тазалаған соң атқанда оқдәрінің іздері (қарудың ішінде – ред.) қалады. Зерттеуді бастамас бұрын әрқайсысын мақтамен тазалаймыз. Сол кезде неше түрлі нәрсе түседі. Егер атылмаған болса, майдың ізі ғана болады. Тапанша болсын, мылтық болсын, бәрін зерттейміз. Кейде фактілер кездеседі, атады, соққыштың ізін өзгертеді, сарапшы таба алмайды деп ойлайды. Соққыштан басқа да мылтықтың іздері көп. Ондай жайттар көп кездеседі. Соққышпен қараймыз, басқа із. Ал қалған іздері келеді. Соққышты микроскоптың астына қойып тексереміз. Механикалық қажалған іздер болса, әдейі ізін жасыру үшін жасалған болып шығады. Әр оқ ату қаруы бес жыл сайын атылып, үлгісі алынып отырады. Ол үлгі Ішкі істер министрлігінің картотекасында сақталады. Біз кез келген жылдың үлгісін сұратып алып, сол арқылы зерттеп те, қарап, салыстырамыз. Қанша жерден соққыш іздерін өшіріп тастаса да, базада үлгілер бар. Баллистика дегеніміз – осы. Оған қару, оқ-дәрілер, оқтың атылу күйі, жағдаяттық оқиғалар жатады. Оқтың ұшу, атылу бағытын анықтарда сол күнгі метеожағдайды сұратамыз. Керек болса, жағдайға қарай деректерді жан-жақтан жинаймыз.

– Институтыңызда жұмысқа жағдай қаншалықты жасалған?

– Жағдай жасалған. Әлемдік стандарттарға сай жасақталған Республикадағы ең алғашқы институт деуге болады. Қазақстан бойынша өзім жұмыс істейтін Сот сараптамалары институтына жаңа тир салынды. Бұрын органдарға хат жазып, «Тир орталықтарына апарыңдар, оқ-дәрілерді сол жерге әкеліңіздер» деген сияқты қиындықтар болған. Ал қазір арнайы ғимарат бар, жылы бокске кіріп, сонда объектілерді алып келіп, оқтарды атып көреміз. Бізге кез келген өңірден объектілер зерттеуге келеді.

– Оқиға болған жерге барып жұмыс істейтін де кездеріңіз бола ма?

– Криминалдық объектілер ІІМ-не жіберіледі. Ол жерде сақтайтын арнайы жер бар. Сараптама қажет болса, бізге тапсырма келеді. Барып, объектіде жұмыс істейміз, зерттейміз.

– Салаңызда маман жеткілікті ме?

– Біздің институтта екі-ақ маманбыз. Әрине, аз. Криминалдық баллистикаға қатысты бүкіл елден сараптамалар бізге келеді. Сарапшының қорытындысы керек болса, бізге тағайындайды.

– Мамандығыңыздың қызығымен қатар, қаупі де бар сияқты?

– Иә, қауіп бар. Бірақ заң тұрғысында қауіпсіздік қамтылды деп айта алмаймын. Әр сарапшы өз қауіпсіздігіне өзі жауап береді. Жылдап келетін тәжірибе ғой. Бұрын сотқа барып, өзіміз сараптама қорытындысын шығарған қылмыскермен бетпе-бет кездесетінбіз. Қазір жақсы, бәрі онлайн. Бірақ түрімізді көрсетпеуге тырысамыз. Мекенжайымыз да жазылмайды. Себебі адам тағдырын шешеміз. Біреулер біз жасаған сараптама негізінде айып арқалап, сотталып жатады. Сол үшін жеке қауіпсіздігімізді өзіміз қамтамасыз етуіміз қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Back to top button