Жаңалықтар

Еуропалық Одақ жобасы шеңберінде онлайн жұмыс кездесуі өтті

2022 жылғы 8 ақпанда Еуропалық Одақ жобасы – Орталық Азияда есірткінің таралуын болдырмау жөніндегі бағдарлама (CADAP) шеңберінде онлайн жұмыс кездесуі өтті.

Іс-шара жұмысына ҚР Әділет министрлігі Сот-сараптама қызметін ұйымдастыру департаменті Сот сараптамалары орталығының қызметін бақылау басқармасының басшысы Т. Ж. Қожамжаров, Сот сараптамалары орталығы директоры орынбасарының м.а. А.Т.Бабықбаева, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының бас сарапшысы Г.С. Жұматаева, сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты.

Жұмыс барысында қатысушылар жаңа психобелсенді заттардың таралу тенденциясын атап өтті. Олардың балалар мен жасөспірімдер арасында кең таралуы ерекше алаңдаушылық тудырады.

Бұл ретте есірткінің таралуын бақылау бойынша жұмыс жалғасуда. Яғни, ҚР Бас прокуратурасының деректері бойынша 2021 жылы ҚР аумағында жаңа психобелсенді заттарды синтездеумен және сатумен айналысатын 36 зертхана жойылды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар есірткінің таралуын болдырмау жөніндегі өз қызметінде құзыретті органдар тап болатын негізгі проблемалық мәселелерді айқындады, сондай-ақ анықталған қажеттіліктерді шешу үшін CADAP шеңберіндегі ықтимал шараларды белгіледі.

Back to top button