Мақалалар

Автокөлік қылмыстары, жалған шанақ нөмірлері және сарапшының қылмысты ашудағы рөлі – Трасологмен сұхбат

 Көптеген автокөлік құралдарының шанақ нөмірлерінің жалған болуы, қайта басылуы немесе шетелде жүрген көлік құралдары нөмірлерімен сәйкес келетін (яғни бір нөмірмен екі автокөлік рәсімделген) жағдайлары жиі кездесіп жатады. Трасологиялық сараптама жүргізетін мамандардың мәліметінше, Қазақстанда автокөлікке қатысты қылмыс ең көп жасалатын қылмыстардың үштігіне кіріп отыр. Осы орайда, Түркістан басылымының тілшісі Түркістан облысы бойынша сот сараптамалары институтының жетекші сарапшысы Жанғали Раушанбекұлымен сұхбаттасып, автокөлік қылмыстарына сараптама қалай жүргізілетінін, шанақ нөмірлерін тексеру мүмкіндіктері және осы салаға байланысты бірқатар мәселелерді сұрап білді.

АВТОКӨЛІК ҚЫЛМЫСТАРЫНЫҢ КӨБЕЮ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Аталған қиындықтардың туындауына – бұрын бізде автокөлік құралдарының шетелдермен ортақ мәліметтер базасының болмауы әсер етуде. Қазіргі таңда ол мәселе шешімін тауып, ҚР барлық өңірлерінде орталықтандырылған мәліметтер базасы жұмыс атқарып жатыр. Осы мәліметтер базасына сәйкес, шетелден әкелініп жатқан жаңа автокөліктерді көлік құралын қайта тіркеу барысында шанақтарының жекеленген нөмірлері бойынша сәйкестіктері анықталып, арнайы жүргізілген сараптамалар нәтижесінде олардың бірі жалған, екіншісі түпнұсқалы (оригинал) нөмірлер екендігін анықталады. Сондай-ақ, бүгінгі таңда шетелдік және отандық автокөлік санының өсуі –  автокөліктерді заңсыз иемдену түріндегі қылмыстар санының да артуына әсер етіп отыр. Бұл қылмыс түрімен қомақты пайда көріп жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтар көрші мемлекеттегі серіктестерімен бірлесе отырып айналысады.  Соңғы жылдары криминалдық автобизнес аясындағы қылмыстар өзіндік әр түрлі мамандармен, қазіргі заманауи техникалық жабдықтармен толықтырылған, жақсы ұйымдасқан құрылымға айналып отыр. Өкінішке орай, автокөлік ұрлығына қатысты қылмыстар Қазақстанда қазіргі таңда есірткі заттары және қарулар айналымы қылмыстарынан кейінгі үшінші орында тұр. Қымбат шетелдік көліктерде жаңа іздеу жүйесі мен рөлді бөтен біреудің жүргізіп кетуіне қарсы құрылғылар орналастырылған күннің өзінде әккі ұрылар технологияның өзін шаң қаптырып отыр. Көлік шанақтарының жеке нөмірлерін өзгерту нәтижесі бойынша автокөлік құралдарын заңсыз иемденуге қарсы құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстарды сапалы ашу және тергеу мүмкіншіліктерін арттыруда сот трасологиялық сараптамасы негізгі рөлді атқарады.

Сараптама барысында көлік құралдарының таңбалық белгілеріне сапалы сараптамалық зерттеулер жүргізіледі, автокөлік құралдарының агрегеттары мен негізгі жүйелеріндегі таңбалық белгілерінің өзгертілуі мен алғашқы жеке нөмірлерін анықтау мәселелері анықталады.

САРАПТАМА БАРЫСЫНДА ҚЫЛМЫСТЫҢ АШЫЛУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕТІН ФАКТОРЛАР

Қылмыстық ашылуына бөгет болатын факторлар көп. Атап айтар болсам, автокөлік өндірісінің қарқынды дамуы, екінші жағынан криминалдық топтардың әртүрлі құрал жабдықтармен қамтамасыз етілуі мен жоғары деңгейлі дайындығы, автокөлік таңба белгілерін басудың әдіс тәсілдерін еркін меңгергені көп жағдайда сарапшыға шанаққа басылған таңба белгілерін анықтауда қиындықтар тудырады. Қылмыстық топтар заңсыз иемденген автокөлік құралдарын мейлінше бүркемелеуге тырысып,  бұрын шанақ (шасси) нөмірлік таңба белгілерін қайта басып келсе, қазір компьютерлік технологияны мейлінше кеңінен пайдаланады.  Мәселен, көлік құралдарын басқаратын электрондық бұғаттардағы жеке нөмірлік белгі мәтіндерін жойып, басқаша өзгерістер енгізіп қояды.

ШАНАҚТАҒЫ ЗАУЫТТЫҚ НӨМІРЛЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ЖОЮ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

Автокөлік құралдарының шанағындағы зауыттық жеке нөмірлерін толық немесе белгілі-бір көлемде өзгертулер енгізу бастапқы нөмірді толық жойып, оның орнына жаңа нөмірлік белгілер басу жолымен жасалады. Автокөлік құралдары бөліктеріне (шанақ, шасси) басылған барлық әріптік және сандардан тұратын нөмірлік белгілерді толық жою қиын болғандықтан қылмыскерлер мен қылмыстық топ көбінесе нөмірлік алаңшадағы бір-екі ғана позициядағы белгілерді техникалық жолмен өзгертумен шектеледі. Қазіргі таңда, ұрланған автокөлік құралдары бөліктеріндегі нөмірлік алаңшаларды (номерная площадка) түбегейлі ауыстырулар арқылы жасайтын қылмыстар да жиілеп барады. Қылмыскер көбінесе бұрын апаттық жағдайға түскен автокөлік құралдарын техникалық құжаттарымен бірге сатып алып, сол техникалық құжатта көрсетілген мәліметтерге сәйкес түр-түсі, маркасы сәйкес келетін автокөліктерді ұрлайды.

Содан кейін апаттық жағдайдағы автокөліктің жарамды шанақ немесе шассиінің нөмірлік алаңшаларын кесіп алып, ұрланған автокөліктің сәйкесінше аталынған бөліктерінің нөмірлік алаңшасы орнына слесарлық, дәнекерлеу жолымен ауыстырып қойылады немесе алаңшаның беткі қабатына қосымша түрде бекітеді. Бұдан ары әрлеу жұмыстары жасалынып, нөмірлік алаңша беті қажетті бояумен боялады. Ұрланған автокөлік бөлігінің кейінгі кесіліп алынған нөмірлік алаңшасы жойылады.

ШАНАҚ НӨМІРЛЕРІНІҢ ТҮПНҰСҚАСЫН ҚАЛАЙ және ҚАЙДА АНЫҚТАЙ АЛАСЫЗ

Егер де сатып алынған автокөліктеріңіздің шанақ нөмірлері күмән тудыратын болса, жергілікті полиция бөлімдеріне арыздануға құқылысыз. Сонымен қатар, біздің сараптамада Институтына жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде ақылы түрде зерттеулер жүргізіледі. Өтініштер негізінде, өтініш жазушы азамат жеке куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлік құжаты, автокөлікпен мекемеге келіп, ақылы қызмет көрсету туралы келісімшартқа тұру арқылы жүзеге асырылады. Автокөліктің шанақ нөмірін зерттеу жұмыстары табиғи күн жарықта автокөлік иесімен өткізіледі. Зерттеу барысында ұсынылған автокөліктің сәйкестендіру нөмірі «VIN» 17-позициялық араб цифрлары мен латын алфавиттерінен құралуы тиіс. Зерттелуші автокөліктің нөмірлік алаңша бетіндегі бояу жамылғысы бояу кеткендігі сонымен қатар бетіндегі басқа жерлер маңайында артық, басылған сызықтар, жырылып-сырылған түрдегі зақымдану белгілері, т.б. қосымша штрихтары бар жоғын үлкейткіш шыны аспабымен жете қарап, тексеруден өткізуі тиіс. Әрі қарай шанақ нөмірін анықтау мақсатында «Исследование маркировочных знаков автотранспортных средств» әдістемелік құралында көрсетілген химиялық ертінділермен тазалап жегізу әдісі нөмірлік алаңшадағы нөмірлік сан белгілері басылған жерлердің маңайына пластилиннен қоршау жасау арқылы қолданылады.  Автокөліктің шанақ нөмірі орналасқан бөлігінде зерттеу керек ететін жердің бетіне химиялық өңдеу керекті шамаға дейін, яғни, нөмірлік белгілері жойылып кету жағдайы орын алмайтындай деңгейде жүргізіледі.

Шанақтың нөмірлік «VIN» алаңшасында әріптік және сандық белгілерінің маңайын көзбен және әр түрлі бұрыштарда тура, қиғаш түскен жарықта, сонымен қатар үлкейткіш шынылы аспаппен қарағанымызда жоғарыда көрсетілген белгілерден басқа артық сызықтар, штрихтар және аталған белгілердің жалғасы, яғни, қалған элементтері бар жоғы анықталып, фотокесте арқылы көрсетіледі. Автокөлік шанағының нөмірлік алаңшасындағы латын әріптері мен араб цифрларынан құралған шанақ нөмірлік белгісі – цифрлары мен әріптік белгілері алғашқы басылған соң техникалық өзгеріске ұшыраған немесе ұшырамағандығы туралы сарапшының қолдары қойылып, құжат жүзінде қорытынды беріледі. Егер сатып алынған немесе сатуға қойылған автокөліктеріңіздің шанақ нөмірлерінің түпнұсқалық жағдайлары күмән тудырған жағдайда, азаматтың жеке куәлігі, автокөліктің техникалық құжатымен біздің мекемеге келіп, өтініш жазып, келісім-шартқа тұру арқылы автокөлігіңізді толыққанды зерттеуден өткізіп, қорытындысын алу мүмкіндігіңіз бар.

Back to top button